Атырау облысының Индер ауданында колледж студенттері арасында жанжал болып, ол төбелеспен аяқталды. 31 желтоқсан күні таңертең бірнеше студент оқу орнының ғимаратында өз курстасына шабуыл жасаған, деп хабарлайды Atyrau OIL редакциясы, деп хабарлайды CMN.KZ
Куәгерлердің айтуынша, жанжал колледждің әжетханасында қарапайым дәптерге байланысты басталған. Әңгіме тез арада агрессияға ұласып, жас жігіттің бетіне және кеуде тұсына соққы тиген. Оқиғадан кейін студент шамамен екі сағат бойы колледжде қалғанымен, медициналық көмек көрсетілмеген.
Жәбірленушінің туыстары сол күні колледжде медициналық қызметкер де, психолог та болмағанын айтады. Олардың сөзінше, әкімшілік жедел жәрдем шақырмаған, тек оқытушыдан түсіндірме жазуды талап етумен шектелген.
Оқиғаға Атырау облыстық полиция департаменті түсініктеме берді. Құқық қорғау органдары төбелес фактісін растады және «денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жанжалға қатысушылардың барлығы полиция бөліміне жеткізілді. Соққыға қатысы бар жасөспірімдер есепке алынып, іс материалдары кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның қарауына жолданды.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз