Ел ішінде экономика мен түрлі тергеулер талқыланып жатқанда, Нұралы Әлиев жұбайы Аида Әлиевамен бірге жазылушыларына жағымсыз ойлармен күресудің «рецептімен» бөлісті, деп хабарлайды CMN.KZ
Оның айтуынша, адамзатты басқарып отырған негізгі құрал – қорқыныш.
«Қорқыныш – бұл бізді осы бағдарламада, бұрынғы бағдарламада, матрицада ұстап тұрған жалғыз нәрсе. Себебі адамзатты дәл осы қорқыныш арқылы басқарады», – деді Нұралы Әлиев.
Сондай-ақ ол қазіргі таңда әлем «сананың үлкен шифтін», яғни жаңа деңгейге өтуді бастан кешіріп жатқанын айтты.
«Қазір біз адамзаттың орасан зор шифтін, сананың ауысуын бастан кешіріп жатырмыз. Бұл – қорқыныштан шығу шифтi. Махаббат – бұл шынайы вибрация, Жаратқанның вибрациясы», – деп қосты ол.
Бейнежазбада оның жұбайы, блогер Аида Әлиева да сөз алып, ойды қарапайым тілмен түсіндіруге тырысты.
«Адам өз қорқынышын махаббатқа айналдыру арқылы жағымсыз ойлардан арыла алады. Махаббатты таңдау керек», – деп түйіндеді ол.
Әлеуметтік желі қолданушылары Нұралы Әлиевтің философиялық пайымдарын қызу талқылауда. Бірі жеке трансформация мен позитивті ойлау идеяларын қолдаса, енді бірі мұндай мәлімдемелердің саяси және экономикалық контекст аясында ирония тудыратынын айтады.
Әлиевтің өзі бейнероликте саясат пен бизнеске тоқталмай, тек адамның ішкі күйі мен «жоғары вибрациялар» тақырыбына назар аударған.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз