Шығыс Қазақстан облысында елдегі ең ұзын көпірдің ашылуы тарихи сәтке айналды. Бұқтырма су қоймасының үстінен өткен бұл алып көпір Қүршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай және Зайсан аудандарын біріктіріп, жаңа көлік дәуірінің бастауына жол ашты, деп хабарлайды CMN.KZ.
Премьер-министр Олжас Бектенов салтанатты шараға қатысып, жаңа көпірдің ел президентінің тікелей тапсырмасы бойынша салынғанын мәлімдеді. Көпірдің ұзындығы 1316 метрге жетіп, күніне 80 мың көлік өткізе алады. Көпірге дейін жаңадан 18 шақырым жол салынды.
«Бұл жаңа көпір — халықтың ұзақ жылдар күткен арманының орындалуы. Осыған дейін өңір тұрғындары жазда пароммен, қыста мұз үстімен жүруге мәжбүр болды. Ал енді бұл мәселе түбегейлі шешілді», — деді премьер-министр.
Көпірді көру үшін жиналған жергілікті тұрғындар да өздерінің қуанышын жасырмады.
«Бұл көпір өңірдің көлік инфрақұрылымын жақсартып, екі жағалауды байланыстырып, тұрғындардың мобильділігін арттырады. Сонымен қатар, сауда-саттық қарқынын үдетіп, туризм саласының дамуына үлкен үлес қосады», — деп пікір білдірді тұрғындар.
Премьер-министр Бектенов ірі жобаларды жүзеге асыруда отандық мамандардың қатысуын басымдыққа айналдыру керектігін атап өтті.
«Бізде білікті мамандар жеткілікті, сырттан көмекке жүгінбей-ақ, мұндай елдік маңызы бар жобаларды өзіміз жүзеге асыра аламыз. Сол бағытта жұмысымызды жалғастыра береміз», — деп уәде берді премьер.
14 қазанда Шығыс Қазақстан облысында елдегі ең ұзын көпірдің сынақ жұмыстары аяқталды. Сынақ кезінде көпір конструкциясын тексеру үшін жалпы салмағы 450 тонна 15 ауыр жүк көлігі пайдаланылды.