Қазақстанда бизнеске көрсетілген мемлекеттік қолдау ресми деректерде көрсетілгеннен әлдеқайда ауқымды болғанымен, оның нақты тиімділігі сұрақ тудырады, деп хабарлайды CMN.KZ
Бұл туралы Мәжіліс отырысында Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына жүргізілген аудит қорытындыларын таныстырған Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді.
Оның айтуынша, аудиторлар мемлекеттік көмектің іскерлік белсенділікке шынайы серпін берген-бермегенін анықтауды мақсат еткен.
"Қазіргі таңда шаралар, тетіктер мен операторлар өте көп, қарапайым кәсіпкерге олардың барлығын түсіну оңай емес. Бұл жағдай цифрландырудың жеткіліксіздігімен күрделене түсуде. Әлі күнге дейін өтінім беруден бастап нәтижені бағалауға дейінгі бүкіл процесті қамтитын бірыңғай платформа жоқ", – деді Смайылов.
ЖАП бағалауынша, Ұлттық экономика министрлігінің қолдау көлемі жөніндегі деректері кемінде екі есе төмендетіліп көрсетілген. Нақтысында, 2019–2024 жылдар аралығында бизнеске шамамен 4,5 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетілген.
"Бұл соманың 90%-ы небәрі бес құралға тиесілі. Олар – несие бойынша пайыздық мөлшерлемелер мен шығындарды субсидиялау, кепілдендірілген сатып алулар, кредиттеу және лизинг", – деп хабарлады ЖАП төрағасы.
Аудиторлар мемлекеттік қолдау шараларының тізілімінде де бірқатар мәселе бар екенін анықтаған. Атап айтқанда, реестр заңда көзделген барлық құралдарды қамтымайды әрі ескірген деректерден тұрады.
"Шаралар инерциямен жұмыс істеп келеді. Олардың нақты нәтижелілігіне қайта бағалау жүргізілмейді. Тиімділік тек жұмыс орындарының саны мен төленген салықтар арқылы бағаланады, ал өндіріс көлемінің және қосылған құнның өсуі мүлде ескерілмейді", – деп атап өтті Смайылов.
ЖАП деректеріне сәйкес, қаржылай қолдау алған жобалардың тек 64%-ында ғана салық түсімдерінің өсімі тіркелген және ол өсім әрдайым мемлекеттік қолдау шараларының тікелей нәтижесі бола бермейді.
"Өндіріс іске қосылмаған, жабдықтары қаптамада тұрған жобалар бар. Ал салық түсімдері көмекке дейін жұмыс істеп келген бизнестің есебінен өсуде. Нәтижесінде, мемлекеттік қолдаудың 1 теңгесіне көбіне 1 теңгеден де аз салық төленеді", – деді ол.
Аудит қорытындысы бойынша анықталғаны:
-
133 млрд теңге — бюджеттік қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану;
-
132 млрд теңге — қаржылық есептілікті бұрмалау;
-
13 млрд теңге — тікелей қаржылық бұзушылықтар.
"14 материал құқық қорғау органдарына жолданады, тағы 105 материал әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жіберіледі", – деп түйіндеді Әлихан Смайылов.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз