Шымкентте алтыншы сынып оқушысы алаяқтықтың құрбаны болды: ол мобильді ойында жетілдірілген аккаунтты сатып алу үшін алаяққа анасының банк картасының мәліметтерін берді, деп хабарлайды CMN.KZ
ІІМ хабарлағандай, Шымкент полиция департаментінің киберпол қызметкерлері интернет-алаяқтыққа күдікті адамды ұстады. Тергеу мәліметтері бойынша, ол танымал Free Fire мобильді ойынында аккаунтын сату сылтауымен оқушыны екі миллион теңгеден астам сомаға азғырған.
Бала анасының банк картасын суретке түсіріп, карта деректері мен аударым жасауға арналған кодын тапсырды.
«Шотында ақшаның жоғалғанын байқаған анасы полицияға жүгінді. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды», – делінген ҚР ІІМ хамабарламасында.
Полиция ата-аналарға балаларына интернеттегі қауіпсіздік ережелері туралы жиі ескертіп отыруға кеңес береді.