11 қаңтарға қараған түні Беверли-Хиллз қаласында «Алтын глобус» сыйлығының 83-ші марапаттау рәсімі өтті. Кештің жүргізушісі комик Никки Глейсер болды. Ол салтанатты кешке жеңіл әрі иронияға толы көңіл күй сыйлады, деп хабарлайды CMN.KZ.
Рәсімнің басты триумфаторларының бірі режиссер Пол Томас Андерсонның «Битва за битвой» фильмі атанды. Картина «Комедия немесе мюзикл жанрындағы үздік фильм» номинациясында жеңіске жетті. Ал режиссердің өзі үздік режиссура және сценарий үшін бірден екі мүсіншені иеленді. Сонымен қатар, фильм Тиана Тейлорға «Екінші пландағы үздік әйел рөлі» аталымында жеңіс әкелді. Жалпы, туынды тоғыз номинацияға ұсынылып, төртеуінде топ жарды.
Рәсімнің есте қаларлық сәттерінің бірі – 16 жастағы Оуэн Купердің марапат алуы болды. Ол «Өтпелі жас» сериалына түскені үшін алғашқы «Алтын глобусын» жеңіп алып, сыйлық тарихындағы ең жас лауреаттардың қатарына енді. Сахнадағы сөзінде актер актерлік курстарға алғаш келгенде ұзақ уақыт бойы топтағы жалғыз ұл болғанын әзілмен еске алды.
Биыл ұйымдастырушылар алғаш рет «Үздік подкаст» атты жаңа номинация қосты. Жеңімпаз атанған Good Hang жобасын актриса Эми Полер жүргізеді. Жүлдені рэпер Снуп Догг табыстады, ал оның сахнаға шығуын көрермендер зор қошеметпен қарсы алды.
Музыкалық номинациялар да эмоцияға толы болды. «Жын аулаушы кей-поп қыздары» анимациялық фильміндегі Golden әні «Жылдың үздік әні» деп танылды. Әннің орындаушысы әрі авторы Эджэ көз жасын жасыра алмады. Ол бір кездері K-pop айдолы болуға талпынып, сәтсіздікке ұшырағанын, ал бүгінде өз шынайы жолын тапқанын айтты.
Тимоти Шаламе де марапат қоржынын толықтырды. Ол «Марти Ғажайып» фильміндегі рөлі үшін «Комедия немесе мюзиклдегі үздік актер» аталымында жеңіске жетті.
Жүлделерді әйгілі жұлдыздар табыстады: Джулия Робертс «Үздік фильм – комедия немесе мюзикл» номинациясының жеңімпазын жарияласа, үздік сценарий үшін марапатты Маколей Калкин тапсырды.
Кино саласындағы басты жеңімпаздар
-
«Гамнет» – үздік драмалық фильм
-
Драма жанрындағы үздік актерлер: Вагнер Моура («Құпия агент») және Джесси Бакли («Гамнет»)
-
Үздік халықаралық фильм – «Құпия агент»
-
Үздік анимациялық фильм – «Жын аулаушы кей-поп қыздары»
-
Үздік саундтрек – Людвиг Йоранссон («Күнәһарлар» фильмі), бұл туынды сондай-ақ жоғары кассалық табысы үшін де марапатталды
Телевизиялық номинациялар жеңімпаздары
Телевизиялық бағытта «Өтпелі жас» сериалы бірнеше марапатқа ие болып, көш бастады.
-
Үздік драмалық сериал – «Питт»
-
Үздік комедиялық сериал – «Киностудия»
-
Актерлік номинацияларда Ноа Уайли, Рэй Сихорн, Сет Роген және Джин Смарт марапатталды
-
Мини-сериалдар мен телефильмдер санатында Мишель Уильямс пен Стивен Грэм жеңіске жетті
«Алтын глобус – 2026» рәсімі алдағы жылы кино мен телевидение саласында қандай жобалар мен есімдер басты назарда болатынын тағы бір мәрте көрсетті.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз