«Қазақтелеком» басшысы белгілі нейрожелі мен отандық KAZ-LLM моделін салыстыру талқылауына қосылды, деп хабарлайды CMN.KZ.
KAZ-LLM қазақстандық жасанды интеллект моделін ChatGPT-пен салыстырудың кезекті толқыны Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін басталды. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев ЖИ және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтен отандық өнімді қанша адам, ал ChatGPT-ті қанша адам пайдаланатынын сұрады. Министрдің айтуынша, KAZ-LLM-ді шамамен 600 мың адам, ал ChatGPT-ті 700 мыңға жуық адам қолданады.
Осыдан кейін Қазнетте екі жүйенің ұқсастығы туралы сұрақтар көбейді. 16 ақпан күні таңертең талқылауға Бағдат Мусин қосылды. Бұрынғы Цифрлық даму министрі, қазіргі «Қазақтелеком» басшысы бұл туралы Telegram-арнасында жазба жариялады.
Оның пікірінше, KAZ-LLM мен ChatGPT-ті салыстыру электр станциясын тұрмыстық техникамен салыстырғанмен бірдей.
«Фундаменталды тілдік модель (LLM) – бұл электр станциясы секілді. Ол “интеллектуалдық энергия” өндіреді. Ал ChatGPT сияқты өнімдер – теледидар, шәйнек, тоңазытқыш тәрізді тұрмыстық құралдар. Олар ыңғайлы, әдемі, функционалды болуы мүмкін. Бірақ электр энергиясынсыз жұмыс істемейді», – деп жазды Мусин.
«Қазақтелеком» басшысы «электр станцияларына» жасанды интеллектіні әзірлейтін OpenAI, Google, Meta, Technology Innovation Institute (БАӘ) және басқа да компанияларды жатқызды. Ал «тұрмыстық құралдарға» – солар жасаған ChatGPT, Copilot және өзге де сервистерді қосты.
«Бір фундаменталды модель ондаған, тіпті жүздеген қосымшаны “қоректендіре” алады. Ал бір қосымша API арқылы бірнеше модельге қосыла алады – бұл әртүрлі қуат көздеріне жалғанған құрал секілді», – деп жазды Бағдат Мусин.
Ұлттық компания басшысының сөзінше, KAZ-LLM нақты бір «құралмен» бәсекелесу үшін емес, мына мақсаттар үшін қажет:
- өз генерациясына ие болу;
- сыни тәуелділікті азайту;
- деректерді өңдеуді бақылауды қамтамасыз ету;
- ғылыми мектепті дамыту;
- технологиялық егемендікті нығайту.
Сондай-ақ Мусин өз жазбасында бұрын өзі басқарған ведомствоны аз сынға алуға шақырды.
«Хайп пен хейт өтеді, ал eGov, ЦОН және e-Өтініш сияқты өнімдер қалады және өмірді жеңілдетеді. Сондықтан цифрлық серпіліс жолындағы министрліктің барлық бастамаларын қолдау маңызды», – деп жазды ол.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз