Елімізде жалдамалы тұрғын үй бағасы қайта төмендеді. Алайда бұл өзгеріс барлық өңірде бірдей сезіліп отырған жоқ. Қай қалада пәтер жалдау тиімдірек – CMN.KZ материалында
Жылжымайтын мүлікке арналған порталдардың бірінің дерегінше, 2026 жылғы қаңтарда 2025 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда жалдау бағасының орташа көрсеткіші 1%-ға азайған.
«19 қаланың жетеуінде жалдау бағасы 1–2%-ға төмендеді. Олар – Астана, Алматы, Петропавл, Орал, Қостанай, Өскемен және Шымкент», – делінген жарияланымда.
Ал Павлодар, Ақтау және Талдықорған қалаларында жалдамалы тұрғын үй ақысы сәл өскен. Қалған қалаларда баға өзгеріссіз қалған.
Сарапшылардың айтуынша, бүгінде ел бойынша жалдамалы пәтердің бір шаршы метрі орта есеппен 3417 теңгені құрайды.
Ең төменгі баға Түркістанда – бір шаршы метрге 2000 теңге. Ал ең жоғарысы дәстүрлі түрде Алматыда: мұнда жалдамалы тұрғын үйдің бір шаршы метрі 5833 теңгеге бағаланады.
«Аймақтарда бір бөлмелі пәтерді жалға алу әдетте мегаполистерге қарағанда үш-төрт есе арзан. Алматы немесе Астанадағы бір пәтердің бағасына басқа қалаларда бірнеше пәтер жалдауға болады», – дейді сарапшылар.
Мәселен, бір бөлмелі пәтердің ең төменгі жалдау құны Таразда – 85 мың теңге. Ал ең жоғары баға Алматыда тіркелген – 220 мың теңге.
Тәуліктік жалдау бағасына келсек, Астанада мұндай тұрғын үй үшін орта есеппен 15 мың теңге төлеуге тура келеді, ал оңтүстік астанада бұл көрсеткіш 18 мың теңгені құрайды.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз