Алматыда өзін діни қызметкер ретінде таныстырған ер адамға қатысты тексеру жүргізіліп, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды CMN.KZ
Бұл шара әлеуметтік желіде тараған даулы сұхбаттан кейін қолға алынған. Видеода ер адам дін мен дәстүрге қатысты өз көзқарасын айтып, қоғамда резонанс тудырған.
Оның кейбір мәлімдемелері қазақстандықтардың ғана емес, қоғам қайраткерлерінің де наразылығын туғызды. Мәселен, продюсер Баян Алагузова мұндай мазмұндағы діни контентті шектеуге шақырған.
Алматы қалалық полиция департаменті мәліметінше, аталған азаматтың сөздері Қазақстан заңнамасының талаптарына қайшы келеді.
«Сұхбат барысында айтылған кейбір пікірлер, соның ішінде әйелдерінің бірін шәкіртіне бергені туралы мәлімдемесі, қоғамға кері әсер етіп, конфессияаралық келісімге нұқсан келтіруі мүмкін», – деп хабарлады полиция.
Тексеру нәтижесінде Алматы қаласының Дін істері басқармасы аталған азаматқа қатысты шара қолданды. Ол ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы бойынша – діни қызмет туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.
Сондай-ақ құқық қорғау органдары бұл адамның ресми діни ұйымдарға қатысы жоқ екенін анықтаған.
Полиция өкілдері заң бұзушылық белгілері бар материалдарды таратқандар да жауапкершілікке тартылатынын еске салды. Осыған байланысты сұхбатты жариялаған тұлға да әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз