Соңғы тәулікте қазақстандықтарға полицияның көмегі 11 мыңнан астам рет қажет болған, деп хабарлайды CMN.KZ
Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Жаңа жыл түні айтарлықтай оқиғаларсыз, тыныш жағдайда өткен.
«Жаңа жылды мерекелеу кезеңінде ішкі істер органдарының қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету үшін күшейтілген режимде қызмет атқарды. Жалпы алғанда, мерекелік түн ауыр және аса ауыр қылмыстарсыз өтті, көшелер мен қоғамдық орындарда елеулі құқықбұзушылықтарға жол берілген жоқ», – деді құқық қорғау органдарының өкілдері.
31 желтоқсан таңынан 1 қаңтар таңы аралығында полицияның 102 жедел желісіне 11 448 қоңырау түскен, оның 3 082-сі түнгі уақытта тіркелген.
Қоңыраулардың басым бөлігі ақпараттық сипатта болған. Азаматтар пиротехникалық бұйымдарды пайдалану ережелері туралы сұрап, мұз айдындары мен жаңа жылдық шыршалардың орналасқан жерін нақтылаған. Сондай-ақ сырғанақтарда адасып кеткен балалар, дұрыс қойылмаған көліктер мен ауладан шығуға кедергі келтірген жағдайлар туралы хабарламалар түскен.
Барлық өтініштерге полиция қызметкерлері уақтылы жауап беріп, қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылдаған.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз