Атырау облысында қауіпті сібір жарасы инфекциясы расталды, деп хабарлайды CMN.KZ.
Жұқпалы дертке шалдыққан адам – «Асыл-Агро» шаруашылығындағы мал сою цехының қызметкері. Бұл шаруашылықта бұған дейін сібір жарасынан бір сиыр өлгені белгілі болған.
2024 жылғы 20 қарашадан бастап шаруашылық аумағында карантин жарияланды. Бұған дейін өлген малмен байланыста болған 17 адам анықталып, олардың барлығын инфекционистер тексеріп, динамикалық медициналық бақылауға алды.
Аймақ әкімдігінің хабарлауынша, зертханалық сараптамалардың нәтижесінде мал сою цехының бір қызметкерінен сібір жарасының терілік түрі анықталған. Науқас ауруханаға жатқызылып, бекітілген медициналық хаттамаға сәйкес ем қабылдап жатыр. Оның жағдайы тұрақты. Ал қалған байланыста болған адамдарда ауру белгілері тіркелмеген.
Ауру ошағын оқшаулау және инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында барлық санитарлық және ветеринарлық талаптар қатаң сақталып отыр.
Ветеринарлық бақылау мамандары карантин аумағындағы барлық ірі қара малға екпе жұмыстарын аяқтады. Сонымен қатар, шаруашылық аумағында санитарлық тазалау жұмыстары жалғасуда.
Облысқа ірі қара малды енгізу мен шығару жұмыстарын бақылау үшін төрт полиция және ветеринарлық бақылау бекеті орнатылды. Бұл бекеттерде малдың вакцинациясын растайтын құжаттар тексеріліп, жануарлардың денсаулығы мен дене температурасы қадағаланады.
Атырау қаласындағы мал сою цехтарында да санитарлық қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Құжатсыз мал тасымалдау және союға қатаң тыйым салынды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі осы жағдайға байланысты қазақстандықтарға алаңдаудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, инфекцияның таралу қаупі санитарлық және ветеринарлық шаралардың күшеюімен толық бақылауға алынған.