Астанада Наурыз мерекесі аясында жүргізушісіз көлік алғаш рет қала орталығында сынақтан өтті, деп хабарлайды CMN.KZ
Елордалық әкімдіктің мәліметінше, мұндай технологияларды болашақта қалалық инфрақұрылымға енгізу жоспарланып отыр. Оның ішінде жүргізушісіз такси іске қосу да қарастырылуда. Бұл – интеллектуалды көлік жүйесін дамытудың негізгі бағыттарының бірі.
Демонстрациялық сапар жалпы қалалық Наурыз мерекесі аясында ұйымдастырылған.
«Автокөлікті бағдарламалау және маршрут картасын әзірлеу Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ жанындағы Лу Бань шеберханасының мамандары тарапынан жүзеге асырылды», – деп хабарлады әкімдік.
Мерекеге келген қонақтар жүргізушісіз көліктің жұмысын өз көздерімен көріп, оның қала жағдайында қолдану мүмкіндіктерін бағалады.
Жоба Smart City тұжырымдамасы аясында жасанды интеллект технологияларын енгізудің нақты мысалы болды. Көлік навигация, деректерді өңдеу және қалалық инфрақұрылыммен өзара әрекеттесу жүйелерін көрсетті.
Айта кетейік, 2026 жылы Наурыз мерекесі Digital Nauryz форматында өтіп жатыр. Бұл бастама елде жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылымен байланысты.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз