Астанада танымал музыкалық топтың концертіне жалған билеттер арқылы қатысу әрекеті сәтсіз аяқталды. Полиция алаяқтық схеманы әшкерелеп, 18 жастағы қазақстандық жігіттің осындай әрекеттерге қатысы барын анықтады, деп хабарлайды CMN.KZ.
Жалған билеттердің құны 10 мыңнан 20 мың теңгеге дейін жеткен. Зардап шеккен тұрғындар фейк аккаунт арқылы сатып алынған билеттер үшін жалпы 200 мың теңгеге жуық шығынға ұшыраған. Алаяқтық схеманы іске асырған жас жігіт Instagram-да жалған парақша ашып, адамдардың сеніміне кірген.
Полиция күдіктіні оның банктік шоты арқылы анықтап, тұтқындады. Ол өз кінәсін толық мойындады. Тергеу барысында оның осындай тағы 11 жағдайға қатысы бар екені белгілі болды.