Астана мен Алматы тұрғын үй құрылысы саласындағы инвестициялық белсенділіктің негізгі орталығы болып қала береді. Ұлттық банк сарапшылары жүргізген эконометрикалық зерттеу пәтер бағасына қандай факторлар әсер ететінін көрсетті, деп хабарлайды CMN.KZ
Астанада пәтер бағасына не әсер етеді
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, елордада Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан пәтерлердің бір шаршы метрінің бағасы орта есеппен 11,3%-ға қымбат.
Ал жағалауға жақын орналасу (1 км радиуста) тұрғын үй құнын шамамен 10,4%-ға арттырады. Керісінше, саябақтардан алыс орналасу бағаны 10,5%-ға төмендетеді.
Ұлттық банктің мәліметінше, ірі сауда-ойын-сауық орталықтарына жақындық та тұрғын үй бағасына қосымша үстеме береді.
Пәтер бағасына әсер ететін маңызды факторлардың бірі – төбе биіктігі. Егер төбе бір метрге жоғары болса, пәтер бағасы 59,2%-ға дейін өседі.
Сонымен қатар:
-
2026–2028 жылдары пайдалануға берілетін үйлердегі пәтерлер дайын үйлерге қарағанда 15,7%-ға арзан;
-
бұрынғы жатақхана мәртебесі бағаны 13%-ға төмендетеді;
-
монолитті үйлер панельді үйлермен салыстырғанда 11,8%-ға қымбат.
Қабаттың әсері салыстырмалы түрде аз:
-
соңғы қабат – 6,2%-ға арзан;
-
бірінші қабат – 4,8%-ға арзан.
Үйлердің тозу деңгейі де әртүрлі:
-
монолитті үйлер жылына 1,43%,
-
кірпіш үйлер 0,38%,
-
панельді үйлер 0,23% құнын жоғалтады.
Алматыда ең қымбат аудандар
Алматыда пәтер бағасы көбіне орналасқан жеріне байланысты.
Мысалы, әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасқан үйлердегі пәтерлер орта есеппен 20,6%-ға қымбат.
Ал метро станциясынан екі шақырымнан алыс орналасу бағаны шамамен 6,2%-ға төмендетеді.
Ұлттық банк мамандары әкімшілік аудандар арасында да айтарлықтай айырмашылық бар екенін атап өтті.
Пәтер сипаттамалары бойынша:
-
төбе биіктігінің әр метрге артуы бағаны 31,2%-ға көтереді;
-
2026–2028 жылдары пайдалануға берілетін үйлердегі пәтерлер дайын тұрғын үйге қарағанда 11,6%-ға арзан;
-
кірпіш үйлер панельді үйлерге қарағанда 4,7%-ға,
-
монолитті үйлер 3,2%-ға қымбат.
Қабаттың әсері:
-
соңғы қабат – 4,8%-ға арзан;
-
бірінші қабат – 2,5%-ға арзан.
Ал бұрынғы жатақхана мәртебесі пәтер бағасын 2,8%-ға төмендетеді.
Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, ірі қалалардағы тұрғын үй бағасының айырмашылығы негізінен локация мен үйдің сапалық сипаттамаларына байланысты қалыптасады. Бұл инвестициялық белсенділіктің ең тартымды аудандар мен сегменттерде шоғырланғанын көрсетеді.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз