Елордада көпбалалы отбасылар, жетім балалар және мүгедектігі бар қазақстандықтарды қоса алғанда, әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйді заңсыз иемдену әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды CMN.KZ
Тергеу аясында «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің бұрынғы төрағасы А. Байжұманов күдікке ілінді. Ол 2014–2016 жылдары пайшылардың қаражатын жымқырудың ауқымды схемасын ұйымдастырған. Соның салдарынан сегіз жылға бас бостандығынан айырылып, құрылысты аяқтау міндеті Астана қаласының әкімдігіне жүктелген болатын.
Алайда, тергеу мәліметінше, түрмеден босап шыққаннан кейін Байжұманов жаңа заңсыз схеманы ойлап тапқан.
«Ол жалған құжаттарды “артқа қарай” рәсімдеу арқылы пәтерлерді заңсыз иемденуді көздеген», – деп мәлімдеді Қаржылық мониторинг агенттігінде.
Нәтижесінде 80-нен астам «жалған үлескер» жәбірленуші деп танылды, себебі олар уәкілетті ұйым арқылы 170 пәтерге заңсыз құқық алған.
Айта кетейік, Байжұманов пен оның сыбайластары бұл тұрғын үйлерді үшінші тұлғаларға сатып жіберуді жоспарлаған.
Күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұстау таңдалды.
Тергеу жалғасуда.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз