Астанада қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының ғимаратында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның рухына арналған мемориалдық тақта орнатылды. Бұл туралы Adaladam.kz-ке сілтеме жасап, деп хабарлайды CMN.KZ
Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ұлдананың анасы – Сәлима Ишанқұлқызы, сондай-ақ оның туыстары, жақындары мен әріптестері қатысты. Бұл сәт жиналғандар үшін аса әсерлі әрі ауыр болды.
Іс-шара барысында Ұлдана Мырзуан мейірімді, жауапты әрі өз кәсібіне шын берілген жан ретінде еске алынды. Әріптестерінің айтуынша, ол әрдайым бар күш-жігерін салып жұмыс істеп, өзгенің қайғысына бейжай қарамаған.
Ақмарал Әлназарова Ұлдана Мырзуанның ерлігі – адамдарға шынайы қызмет етудің үлгісі екенін атап өтіп, оның есімі медицина қауымдастығының жадында мәңгі сақталатынын айтты. Министрдің сөзінше, мемориалдық тақта – күн сайын өз өмірін қатерге тігіп, қызметке шығатын барлық медицина қызметкерлеріне деген құрмет пен алғыстың белгісі.
Ескерткіш тақта Ұлдана еңбек еткен ғимаратқа орнатылды. Енді бұл орын өз ісіне және мамандығына соңына дейін адал болған жанды еске салып тұратын болады.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз