Астананың әкімдігінде қазақстандықтар 7 мамырда өтетін ауқымды әскери шеруді қайдан көре алатыны туралы айтылды, деп хабарлайды CMN.KZ

Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілетін іс-шара «Қазақ елі» монументінің жанындағы Тәуелсіздік алаңында сағат 11:00 – де басталады.

Елорда тұрғындары мен қонақтары шеру өтетін жерде қауіпсіздік пен бақылау шаралары күшейтілетінін ескертілді.

«Шеруге Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, ҚР Қарулы Күштерінің үздік бөлімшелері, құрметті қарауыл роталары, ҚР Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, әскери құқық қорғау органдарының ардагерлері шақырылды», – деп хабарлады әкімдік.

Шеруді тамашалағысы келетіндерге қаланың үш жерінде тікелей эфир ұйымдастырылады:

  • ЕХРО аумағы (Түркістан және Ақмешіт көшелері жағынан кіріс);
  • Астана әкімдігі ғимаратының алдындағы қалалық алаң;
  • Б. Момышұлы даңғылы, 1 бойындағы «Astana Music Hall» тұрақ аумағы.

Шеру аяқталғаннан кейін сағат 12:00-ден 15:00-ге дейін осы алаңдарда қазақстандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерттер өтеді.

Сонымен қатар, іс-шара республикалық телеарналардың тікелей эфирінде көрсетіледі.

Астана тұрғындары мен қала қонақтарына шеру өтетін ауданда көлік қозғалысы шектелетінін еске салды. Аталған учаскелерде өту және жол жүру барлық іс-шаралар аяқталғаннан кейін ашылады.

Бұ,ан дейін Астанада әскери шеру өткізуіне 2,5 млрд теңге жұмсайтыны белгілі болды. Қатысушылар саны 4,5 мың адамнан артады деп жоспарлануда.

Share.
Leave A Reply

Exit mobile version