Әскери комиссариат офицері "әскерден босатамын" деп алаяқтық жасағаны үшін атағынан айырылды

"Дети в цинковых гробах": солдат-срочник скончался в военном госпитале в Алматы
Фото: пресс-служба Минобороны РК

Павлодарда алаяқтық ісі бойынша үкім шықты. 32 жастағы әскери комиссариат қызметкері әскерге шақырылушылардан ақша алып, оларды қызметтен босатып беремін деп уәде еткен. Шешімді Семей гарнизонының Әскери соты қабылдады, деп хабарлайды CMN.KZ

«Сот кабинеті» дерегінше, 2024 жылдың қазан айында шақырту қағазын алған азамат таныстары арқылы офицерге хабарласып, әскер мәселесін «шешіп беруді» сұраған. Мұндай «қызметі» үшін әскери қызметші 1,4 млн теңге талап еткен. Ақша берілгеннен кейін шақырылушыға мерзімді әскери қызметтен босатылғаны туралы анықтама берілген.

Іс материалдарында запастағы әскери міндеттіге қатысты тағы бір эпизод көрсетілген. Ол әскери-дала жиындарынан босатылғысы келген. Бұл үшін лейтенант 250 мың теңге сұраған. Қаражат қолма-қол берілген және офицердің туыстарының банк карталарына аударылған.

Сот айыпталушының қызметтік өкілеттігі бойынша азаматтарды мерзімді қызметтен босатуға құқығы жоқ екенін біле тұра, адамдарды жаңылыстырып, ақша алуды жалғастырғанын анықтады.

Істе барлығы төрт эпизод бар. Келтірілген жалпы шығын 3,6 млн теңгені құрады. Жәбірленушілердің арасында бір шақырылушының анасы да болған. Іс материалдарына сәйкес, ол 1 млн теңге беріп, кейін уәде етілген нәтиже болмағанын түсінген соң ҰҚК-ге жүгінген.

Сотта офицер кінәсін мойындап, өкініш білдірді. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 2 және 4-тармақтары («Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адам жасаған, бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша кінәлі деп танылды.

Сот оған 29,2 млн теңге көлемінде айыппұл тағайындады. Үйқамақта өткізген уақыты есепке алынып, төлеуге 28,5 млн теңге белгіленді.

Сондай-ақ сотталған азамат «лейтенант» әскери атағынан айырылып, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды. Айыппұл үкім заңды күшіне енгеннен кейін алты ай ішінде төленуі тиіс.

Бұдан бөлек, тергеу барысында тәркіленген ақша қаражатын мемлекет кірісіне айналдыру туралы шешім қабылданды.

«Сотталған Н.-дан Жәбірленушілерге өтемақы қорының пайдасына жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 78 640 теңге көлемінде мәжбүрлі төлем өндірілсін. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін тінту кезінде автокөліктен тәркіленген 250 000 теңге мемлекет кірісіне айналдырылсын», – делінген сот шешімінде.

«Сот кабинеті» материалдарында ақша берген тұлғаларға қатысты қандай шара қолданылғаны нақтыланбаған. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз

Введите текст и нажмите Enter либо Esc для отмены поиска