Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимі жарияланды. Бұл туралы CMN.KZ тілшісіне ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Түпқараған ауданы әкімдігі қол қойған бұл шешім Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Баку–Грозный рейсіндегі ұшағының апатқа ұшырауына байланысты қабылданды.
«Қазаэронавигация» деректеріне сүйенсек, апатқа себеп ретінде ұшақтың құспен соқтығысуы немесе тұманның кесірінен нашар көрінуі аталды. Дегенмен, нақты себептер тергеу аяқталғаннан кейін белгілі болады. Сонымен бірге, Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасы апат орнында баллон жарылуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Әуе кемесінің бортында барлығы 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Олардың арасында:
- 6 қазақстандық,
- 37 азербайжандық,
- 16 ресейлік,
- 3 қырғызстандық бар.
Қазіргі уақытта Ақтау ауруханаларына 29 адам жеткізілді, ал төртеуі апат орнынан өлі күйінде табылды.
Ұшақ апатына байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша («Көлік құралын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерін бұзу, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу») қылмыстық іс қозғалды. Полиция тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.