Ақмола облысы Қызылжар ауылында тұратын азамат азаматтық некедегі әйелін өзіне қол жұмсауға мәжбүрлегені үшін айыпталып отыр, деп хабарлайды CMN.KZ.
Марқұмның ісіне қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді.
Ақмола облысының прокуратурасы Көкшетау қаласының полициясы бастапқыда жауып тастаған істі қайта қозғап, шындықты анықтауға бар күшін салды.
«Бұрынғы шешіммен келіспей, прокуратураның қағидашыл ұстанымы арқылы істің қайта тергелуін қамтамасыз еттік», — деп мәлімдеді облыстық прокуратура өкілдері.
Тергеуді тәжірибелі қызметкер жүргізіп, марқұмның өліміне әкелген жағдайлардың барлығы анықталды. Тергеу барысында азамат И.-дің жеті жыл бойы азаматтық некедегі жары С.-ға физикалық және психологиялық қысым көрсетіп, оны үнемі қорлап, ұрып-соғып келгені белгілі болды.
«Жәбірленуші жылдар бойы зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. Осындай жағдайлар ақыр соңында қайғылы оқиғаға, әйелдің өзіне қол жұмсауына әкелді», — деп түсіндірді прокуратура.
Қазіргі таңда азамат И.-ге ҚР ҚК 105-бабының 2-бөлімі («Өзіне қол жұмсауға жеткізу») және 110-бабының 2-бөлімі («Жүйелі түрде азаптау») бойынша айып тағылып, іс сотқа жолданды.