Жексенбі күні әлеуметтік желілерде шок тудырған видео тарады. Кадрларда әйелдің кішкентай баланы қатыгездікпен ұрып жатқанын көруге болады. Оқиға кезінде жанында басқа балалар да болған, деп хабарлайды CMN.KZ
Кейінірек бұл әрекетті 28 жастағы баланың анасы жасағаны анықталды. Оқиға Жаркент қаласында болған.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әйел тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді Жетісу облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Чарапиев.
Екі бала отбасын қолдау орталығына орналастырылды. Бұл барлық мән-жай толық анықталғанға дейін жасалып отыр.
Оқиғаға ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева да пікір білдірді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта әйелді ата-ана құқығынан айыру мәселесі қаралатын болады.
Тергеу жалғасуда.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз