21 қараша таңертең Наурызбай ауданындағы автобус аялдамаларының бірінде жантүршігерлік жағдай орын алды. Бір ер адам автобус тексерушісіне асүй пышағымен шабуыл жасады, деп хабарлайды CMN.KZ.
Полицияның мәліметінше, оқиға темекі шегуге байланысты жанжалдан басталған. Автобус тексерушісі аялдамада темекі шегіп тұрған ер адамға ескерту жасаған. Бұл ескертуден кейін екеуінің арасында қызу сөз таласы басталып, ашуға булыққан ер адам автобустың ішіне қарай жүгіріп, тексерушіге пышақ салған.
«Зардап шеккен азаматқа шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, жедел жәрдем бригадасы оны ауруханаға жеткізді. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты деп бағалануда», — деді Алматы қалалық полиция департаменті басшысынығ бірінші орынбасары Қуатбек Науатов.
Осы дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. 38 жастағы күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары басталды.