Алматыда салынып жатқан Elite Life 2 тұрғын үй кешенінің аумағында өрт шықты – құрылыс краны жанған, деп хабарлайды CMN.KZ
Оқиға Atrium Plus компаниясына тиесілі құрылыс алаңында болған. Кран күтпеген жерден өртеніп кеткен.
Алматы қалалық ТЖД мәліметінше, 23 наурыз күні сағат 18:57-де Медеу ауданындағы Горный Гигант шағынауданында, Тайманов көшесінде орналасқан нысанда кранның жанғаны туралы хабар түскен.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер мен автосаты жедел жіберілді, өйткені өрт биіктікте болған. Барлау барысында өрт ошағы анықталған.
«Құрылыс нысаны аумағында кранның жебесіндегі электр қалқанының 2 шаршы метр аумақта жанғаны анықталды. Кабина зақымданбаған, машинист болмаған (демалыс күні)», – деп хабарлады ТЖД.
Өртті сөндіру үшін автосатыдан лафеттік оқпан қолданылған.
«Өрт 19:23-те толық сөндірілді», – деді құтқарушылар.
Ведомствоның мәліметінше, жедел әрекет ету арқасында өрттің таралуына жол берілмеген.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз