Алматы қаласының қоғамдық көлігінде Onay жүйесіне қосымша ретінде Avtobys жолақы төлеу жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе қазірдің өзінде Қазақстанның шамамен 20 қаласында жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды CMN.KZ
Соңғы жылдары Астана мен Алматыны салыстырғанда негізгі айырмашылықтардың бірі қоғамдық көлікте қолданылатын төлем жүйелері болатын. Алматыда, сондай-ақ Қарағанды, Өскемен, Талдықорған және өзге де бірқатар қалаларда Onay пайдаланылса, Астанада, Шымкентте, Оралда, Ақтөбеде және басқа қалаларда Avtobys жүйесі қолданылады.
Енді Алматы қаласының әкімдігі мәліметінше, Алматы да Avtobys жүйесі енгізілетін қалалардың қатарына қосылды.
«Avtobys жүйесін Алматыда енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асады. Алғашқы кезеңде жүйе маршруттардың бір бөлігінде іске қосылады, кейіннен қаладағы бүкіл қоғамдық көлікке біртіндеп кеңейтіледі. Бұл формат сервистің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, тасымалдаушылардың бейімделуіне және жолаушылар үшін ыңғайлы көшуге мүмкіндік береді», – деп хабарлады әкімдікте.
Сонымен қатар, Алматы қаласының жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасыOnay жүйесінен бас тарту жоспарланбағанын нақтылады.
«Қалада жолақы төлеудің екі операторы қатар жұмыс істейді. Onay жүйесі қызметін жалғастырады. Қазіргі қолданыстағы барлық төлем тәсілдері сақталады», – деп мәлімдеді басқарма өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы әкімдігі қаладағы троллейбус желісін жою туралы қауесеттерді жоққа шығарып, тек «таза аспан» тұжырымдамасы аясында сымдардың орналасуын реттеу жоспарланып отырғанын хабарлаған еді.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз