Алматы тауларынан бір жігіттің мәйіті табылды, тағы екеуін іздеу жалғасып жатыр

горы
Фото: pixabay

ТЖМ мәліметінше, 26 желтоқсанға қараған түні 112 пультіне туыстарының бірінен хабарлама түскен. Оның айтуынша, бауыры екі досымен бірге 24 желтоқсан күні таңертең тауға шығып, сол күйі оралмаған. Жігіттердің телефон байланысы 12 сағаттан астам уақыт бойы өшірулі болған, деп хабарлайды CMN.KZ 

Осыдан кейін құтқарушылар жігіттер болуы мүмкін деген аумаққа дереу аттанды. Іздеу жұмыстарына ТЖМ тікұшағы, РОСО құтқарушылары, Апаттар медицинасы орталығы, полиция және еріктілер тартылды. Оқиға орнында жедел штаб құрылды. "Қазавиаспас" тікұшағымен "Тұйықсу" мұздығы, "Мыңжылқы" шатқалы және "Локомотив" шыңы әуеден тексерілді.

Әуеден барлау барысында дронның көмегімен "Локомотив" шыңында жігіттердің бірінің мәйіті табылды. Ол теңіз деңгейінен шамамен 3700 метр биіктіктен түсіріліп, полицияға тапсырылды. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды, ал марқұмның жеке басы барлық тексерулер аяқталғаннан кейін анықталады. Туыстарына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

Қалған екі адамды іздеу жұмыстары жалғасуда. Құтқару операциясына 50-ден астам адам, 7 техника, 4 дрон және 3 кинологиялық есептоп қатысып жатыр.

CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз

Введите текст и нажмите Enter либо Esc для отмены поиска