Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасы адам өлімімен аяқталды, деп хабарлайды CMN.KZ
Апат салдарынан үш адам көз жұмған. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасынкөздейді.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ZEEKR маркалы автокөліктің жүргізушісі даңғыл бойымен қозғалып келе жатып, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен. Салдарынан ол «Mercedes» көлігімен соқтығысқан.
Жол апатының нәтижесінде «Mercedes» көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.
Күдікті түрлі дене жарақаттарын алып, қазіргі уақытта медициналық мекемеде полиция күзетімен жатыр. Оның жағдайы тұрақтанғаннан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалатыны белгілі болды.
Полиция мәліметінше, оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталған. Оларға қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданған. Барлық көліктер айыппұл тұрағына қойылды.
Сонымен қатар, бейнебақылау камераларындағы, оның ішінде жеке камералардағы жазбалар тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына тіркелген. Қазір олар жан-жақты зерттеліп жатыр.
Жүргізушінің алкогольдік немесе өзге де мас күйде болған-болмағанын анықтау үшін медициналық сараптама тағайындалды. Оның нәтижелері кейінірек жарияланады.
Бұдан бөлек, жүргізушіге қатысты жол қозғалысы ережелерін бұзудың басқа да деректері бойынша әкімшілік іс қозғалған.
Тергеу амалдары Алматы қаласы полициясының ерекше бақылауында.
Құқық қорғау органдары азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және жалған ақпарат таратпауға шақырды. Кінәлі тұлғалардың барлығы заң аясында жауапкершілікке тартылатын болады.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз