Әңгіме «АлбаСтройДор» ЖШС директоры Сергей Кимге қатысты тергеу туралы болып отыр. Ол «АрселорМитталТеміртау» АҚ мүлкін жымқырды деген күдікке ілінген. Аталған компанияның құқықтық мұрагері — «Qarmet» АҚ, деп хабарлайды CMN.KZ
2015 жылы АМТ мен Сергей Кимге тиесілі ЖШС арасында домна шлагын қайта өңдеу туралы келісімшарт жасалған. Алайда шарт бойынша қайта өңдеу қалдықтарын иеліктен шығару құқығы қарастырылмаған.
«Соған қарамастан, Ким өндірістік нысандарға еркін қол жеткізу мүмкіндігін пайдаланып, зауыт аумағынан домналық қоспа мен кесек шойынды жымқыру схемасын ұйымдастырған», – деп түсіндірді Қаржылық мониторинг агенттігінде.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ұрланған өнімді тасымалдау үшін Ким аффилиирленген күзет ұйымын – «Кузет 2050» ЖШС-ін тартқан. Бұл компанияның қызметкерлері автокөліктердің зауыт аумағына бақылаусыз кіріп-шығуын қамтамасыз еткен.
Агенттікте жымқырылған мүлік кейін Кимнің бақылауындағы «ГлобалСпецТорг» ЖШС және «ЦентрОптСнаб» ЖШС арқылы заңдастырылғанын айтты.
«Құқыққа қайшы әрекеттердің салдарынан жалпы құны 1,8 млрд теңгеден асатын 31 мың тоннадан астам өнім жымқырылған. Күдікті Ким екі ай мерзімге қамауға алынды», – деп хабарлады ҚМА.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз