Қазақстанның айырбастау пункттерінде доллар бағамы шарықтап, 500 теңгеден асып түсті. 18 қараша күні Қазақстандық қор биржасында (KASE) доллар мен еуро саудасы жүргізілмеді, деп хабарлайды CMN.KZ.

Еліміздің ірі қалаларындағы айырбастау орындарының бағамына көз жүгіртсек, жағдай айтарлықтай күрделі:

  • Астана: доллар бағасы 500 теңгеге жетті.
  • Алматы: сатылымдағы доллар бағасы 499,5 теңге.
  • Семейде — 505 теңге.
  • Уральскіде — 502 теңге.

Алайда бірнеше сағат өткен соң, бағам сәл ғана төмендеді. Бірақ бұл халықты тыныштандырмады. Қазір жұртшылық курс бағасының одан әрі өсуінен алаңдап отыр.

Ресми бағамдар өзгеріссіз қалды

Ұлттық банктің 18 қарашадағы ресми мәліметі бойынша:

  • Доллар — 496,01 теңге.
  • Еуро — 523,53 теңге.
  • Рубль — 4,96 теңге.

Естеріңізге сала кетейік, 14 қарашада доллар тағы да қымбаттап, теңге әлсірей бастады. 17:00-дегі жағдай бойынша, доллар 1,82 теңгеге қымбаттап, орташа есеппен 494,04 теңгені құрады.

Неге доллар күшейіп барады?

Ұлттық банктің түсіндіруінше, доллардың күшеюі Трамптың АҚШ президенті сайлауында жеңіске жетуімен байланысты. Бұл жеңіс әлемдік нарықта тұрақсыздық тудырып, дамушы елдердің валюталарының әлсіреуіне себеп болды. Әрине, бұның салқыны біздің теңгемізге де тиді.

Доллардың 500 теңгеден асуы тек қаржы мамандарын емес, қарапайым халықты да алаңдатып отыр. Бұл бағамның өсуі ұлттық экономикаға да әсер етпей қоймайды. Ендігі сұрақ — бұл құбылыс уақытша ма, әлде теңге тағы да құлдырай бере ме? Бәрін уақыт көрсетеді, алайда шындық ащы: әзірге доллардың тырнағы біздің экономикаға батып тұр.

Share.

Leave A Reply

Exit mobile version