Алматы – Маскат – Алматы бағыты бойынша екі рейс жоспарланған, деп хабарлайды CMN.KZ
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстан эскалация аймағынан өз азаматтарын эвакуациялауды жалғастырып жатыр.
«Сейсенбі күні таңертең 278 қазақстандықтан тұратын алғашқы топ жерүсті көлігімен Маскатқа жолға шықты. Оларды Дубайдағы Қазақстанның Бас консулдығының қызметкерлері алып жүрді. БАӘ мен Оман шекарасында азаматтарға шекаралық рәсімдерден жедел өту үшін консулдық қолдау көрсетілді», – деп хабарлады ведомство.
Осыған ұқсас бағытпен тағы 189 қазақстандықтың ұшуы жоспарланған. Барлығы 467 азамат елге қайтарылады.
«Тегеран, Ашхабад және Горган қалаларындағы шетелдегі мекемелер Иран мен Түрікменстан шекарасындағы "Инчебурун" бақылау-өткізу пункті арқылы 15 қазақстандықтың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етті. Кейін оларға Ақтауға қарай әрі қарай жол жүруіне көмек көрсетілді», – делінген хабарламада.
Бұған дейін Дубайдан Алматы мен Астана бағытында қазақстандықтарды алып шыққан екі ұшақ ұшып кеткен. Алғашқы жолаушылар елге аман-есен жетті.
Сондай-ақ Тегераннан «Заркух» компаниясының, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының өкілдері және дипломатиялық миссия қызметкерлері бар Қазақстан азаматтары эвакуацияланды. Ираннан «Джульфа» (Нахчыван) бақылау-өткізу пункті арқылы екі қазақстандық Әзербайжанға жеткізілді.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз