2026 жылы Қазақстан ивент-туризмге басымдық бермек. Елде әлемдік жұлдыздардың қатысуымен ірі концерттер сериясы, фестивальдер өткізіліп, шетелдік нарықтарда ауқымды ілгерілету жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Kazakh Tourism басқарма төрағасы Талғат Ғазизов мәлімдеді, деп хабарлайды CMN.KZ
Оның айтуынша, 2026 жылғы мамырда Қазақстанда Busta Rhymes, Timbaland, Николь Шерзингер, Tyga және өзге де халықаралық әртістер қатысатын алғашқы ірі концерт өтеді. Жалпы жыл соңына дейін кемінде бес ауқымды концерттік іс-шара ұйымдастыру көзделген.
Сонымен қатар елде оқиғалық туризмді дамытудың жүйелі тәсілі қалыптасып жатыр. 2026 жылы:
-
мәдени және этнофестивальдерден бастап спорт пен гастрономияға дейін қамтитын бірыңғай іс-шаралар күнтізбесі бекітілді;
-
барлық өңірлерді қамтитын 55 негізгі оқиға іріктелді;
-
фестивальдік туризмді дамыту және ілгерілету бойынша жеке штаб құрылды;
-
Азия мен Таяу Шығыстың нысаналы қалаларында 10 роуд-шоу өткізу жоспарланған. Олардың қатарында Мумбаи, Дубай, Шанхай, Сеул, Токио және Сингапур бар.
Талғат Ғазизовтың айтуынша, мақсат – бір реттік концерттермен шектелу емес, ірі іс-шаралар арқылы туристердің тұрақты ағынын қалыптастыру және елдің халықаралық деңгейдегі имиджін күшейту.
Бұған дейін Туризм министрлігі Қазақстанның туристік саласына 1,2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылғанын, ал 2026 жылы бұл көрсеткішті дәл осы оқиғалық туризм есебінен арттыру жоспарланып отырғанын хабарлаған еді.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз