Қайырымдылықтың символындай көрінген Перизат Қайрат қазір күдіктінің орындығында отыр. Ол басқарған «BizBirgemiz Qazaqstan» қорының басшысы ретінде жиналған қаражатты су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу орнына, жеке басының пайдасына жаратыпты деген айып тағылды, деп жазады CMN.KZ.
Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) бұл істің ақ-қарасын тексеруге кірісті.
ҚМА мәліметінше, 1,5 миллиард теңге көлеміндегі қайырымдылық қаржысы Перизат ханымның қолында талан-таражға түскен. 2024 жылдың көктемінде ол Астананың қымбат автосалондарынан Mercedes-Benz S450 (88 миллион теңге), Lexus LX-600 (80 миллион теңге) және Haval (39 миллион теңге) көліктерін сатып алған. Онымен тоқтамаған Перизат, сол кезде астаналық элиталық кешендерден — «Akbulak Riviera», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» тұрғын үй кешендерінен және «Vela Village» коттедж қалашығынан 600 миллион теңгеге жылжымайтын мүлік алғаны анықталды.
Бұнымен іс біткен жоқ. Перизат Қайрат халықтың адал ниетпен берген ақшасына Дубай, Доха, Лондон және Стамбул қалаларына бірнеше мәрте сапарға шығып, бесжұлдызды қонақ үйлерде — «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace», «Kempinski» тоқтаған. Ол жерлерде Cartier мен Louis Vuitton брендтерінің қымбат әшекей бұйымдарын сатып алып, яхтада қыдырған, сән-салтанатқа бөленген.
Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін, Перизат өзінің жақын достары мен туыстарын тартқан. Олар қайырымдылық қорының ақшасын 8% сыйақы үшін қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Бұл жымысқы әрекеттер халықтың сеніміне үлкен нұқсан келтірді.
ҚМА мәлімдеуінше, Перизат Қайраттың заңсыз әрекеттері азаматтық қоғам институттарының беделін түсіріп, волонтерлік қозғалыстың адалдығы мен ашықтығына көлеңке түсірді. Қазір оның ісі тергеліп жатыр, ал алданған азаматтарды ҚМА-ға немесе +7 (7172) 70-33-89 (ішкі: 21384) телефонына хабарласуға шақырады.