Талдықорған соты Айбар Жанболатты ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар сот жәбірленуші тараптың азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, сотталғаннан 20 млн теңге моральдық зиян өтемақысын және 1,7 млн теңге өкілдік шығындарды өндіру туралы шешім шығарды.
Айта кетейік, мемлекеттік айыптаушы Айбар Жанболатты қасақана адам өлтіргені үшін кінәлі деп танып, оған 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын.
Шығарылған үкіммен марқұм Айзаттың анасы келіскен жоқ. Сот жарыссөзінде ол күйеу баласына өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды талап етті.
«Мен қызымды саған сеніп тапсырдым, оны мейірім мен махаббатта өсірдім. Ал сен оны азаптап, аяусыз өлтірдің. Оның өмірінің соңғы сағаттарында көрген азабын ешқашан кешіруге болмайды. (…) Мен саған ең қымбатымды – қызымды сеніп бердім. Бірақ сен оның қадірін білмедің. Қинадың, қорладың, өлтірдің. Егер бір ғана жарақат болса, кездейсоқ жағдай деп ойлар едім. Бірақ мұнымен келісу мүмкін емес», – деді сотта көз жасына ерік берген Айзаттың анасы Салтанат Жұманова.
Анасының айтуынша, Айзаттың баласы әлі күнге дейін күн сайын таңертең «анам қайда?» деп сұрайды, ал оған бұл қайғылы жағдайды қалай түсіндіру керегін білмейді.
Еске салайық, трагедия 2025 жылдың маусым айының соңында болған. Полиция мәліметінше, 23 жастағы әйел Талдықорған ауруханасына түн ортасында ауыр халде, көптеген жарақатпен жеткізілген. Алайда бірнеше минуттан кейін ол көз жұмды.
Туыстарының айтуынша, жанжал қарапайым ұрыс-керістен басталып, бірнеше сағатқа созылған адам сенгісіз зорлық-зомбылыққа ұласқан. Айзат аса қатыгездікпен соққыға жығылған.
Медициналық қорытындыда сұмдық көрініс сипатталған:
жабық бас-ми жарақаты, ми соғылуы мен ісінуі, бас сүйегі негізінің сынуы, қол-аяқ пен жамбастың көп мәрте сынуы, сондай-ақ дөрекі жермен сүйрелген іздер анықталған.
Айзаттың туыстары оны қолдарын арқанмен байлап, аттың еріне тіркеп, далада сүйрегеніне сенімді.
Алғашында тергеу органдары әйел «абайсызда қаза тапты» деп есептеген. Алайда кейін қайта сараптама тағайындалып, мәйіт эксгумацияланған соң іс қайта сараланып, қасақана адам өлтіру бабына ауыстырылды.
Сотта іс материалдары, оның ішінде жәбірленушінің ауруханадағы жағдайы түсірілген бейнежазбалар да ұсынылды.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз