Желтоқсан айының ортасында біз Қазақстанның үш ірі мегаполисінде жаңа жылдық безендіруге қанша қаражат бөлінетіні туралы жазған едік. Өкінішке қарай, сол кезде қала әкімдіктері CMN.KZ редакциясына алдағы шығындар жөнінде барлық мәліметті толық ашпады. Алайда қолда бар деректердің өзінен-ақ жалпы сома бір миллиард теңгеге жуықтайтыны белгілі болған.
Бүгінге дейін барлық шыршалар жағылып, жаңа жылға бөлінген қаржы да есептелді. Ендеше, бір миллиардтан астам қаржыға Астана, Алматы және Шымкент қалай безендірілді?
Соңғы күндері шыршалар, рождестволық қалашықтар мен өзге де әшекейлердің фото-видеолары әлеуметтік желілерді жаулап алды. Сол үшін пост авторларына алғыс айтуға болады – CMN.KZ журналистері қаржының нақты қайда жұмсалғанын көзбен көруге мүмкіндік алды.
Астана
Бұған дейін жазғанымыздай, елордада тек аудандық бюджеттердің өзінен безендіруге 300 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Ал ОКҚ-дағы брифингте Астана әкімі Жеңіс Қасымбек нақты соманы атап өтті – 360 млн теңге.
Бұл 2024 жылмен салыстырғанда шамамен екі есе аз. Ол кезде елордадағы мерекелік безендіруге 696 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған болатын. Қасымбек бұл жолы шығынды азайту үшін өткен жылдардағы кейбір жаңа жылдық әшекейлер қайта пайдаланылғанын атап өтті.
Жалпы, Астанада Жаңа жылға орай 40 локация безендірілді. Оның ішінде қаланың бас шыршасы, аудандық орталық шыршалар және шағын шыршалар бар. Бұдан бөлек, мұз айдындары, сырғанақтар және тіпті Аяз атаның резиденциясы да ұйымдастырылған.
CMN.KZ журналисінің субъективті пікірінше, елорда артық салтанатсыз, бірақ өте сүйкімді етіп безендірілген.
Мысалы, Астананың орталық шыршасы осылай көрінеді.
Ал «Астана Арена» маңындағы алаң мынадай кейіпке енген. Айта кетейік, дәл осы жерде елорданың ең биік шыршасы орнатылған.
Айтпақшы, 40 локация туралы айтылғанымен, әлеуметтік желілерде негізінен осы екі орын ғана жиі көзге түседі.
Алматы
Астанадан айырмашылығы, оңтүстік астана Жаңа жылға арналған шығындарды қатты қысқартпаған. Аудан әкімдіктері ұсынған мәліметтерге сәйкес, Алматыда көшелерді безендіруге 793 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.
Айта кету керек, Алматы Астанамен салыстырғанда әлдеқайда салтанатты әрі өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай бай безендірілген. Гирляндалар, жарық мүсіндер мен түрлі сәндік элементтердің көптігі бірден байқалады.
Алматыда шыршалар барлық аудандарда орнатылған, кейбір аудандарда тіпті бірнешеу бар. Мысалы, Медеу ауданында бірден екі шырша тұр:
-
Абай алаңындағы – қаланың бас шыршасы;
-
28 гвардияшы-панфиловшылар паркінде – ауданның басты шыршасы.
Алмалы ауданында да екі шырша бар, әрі бір-бірінен алыс емес:
-
Опера және балет театры маңында;
-
КБТУ алдындағы Ескі алаңда.
Әлеуметтік желілерде кем дегенде үш алматылық шыршаның – бас шыршаның, КБТУ алдындағы және Тұңғыш президент паркі маңындағы шыршалардың бір-біріне ұқсастығы да атап өтілді.
Аталған барлық локацияларда тегін мұз айдындары жұмыс істейді. Ал 28 панфиловшылар паркінде тіпті сырғанақ та жасалған. Алайда ауа райы болжамында плюстік температура көрсетілгенін ескерсек, онда қанша уақыт сырғанауға болатыны белгісіз.
Ал, бәлкім, бүкіл Қазнеттің басты жұлдызына айналған Бостандық ауданының бас шыршасы «Атакент» КЦДС маңында орнатылды. Шынында да өте әдемі шыққан.
Дегенмен, бір аудан жаңа жылдық безендіруге қала бюджетінің жартысына жуығын жұмсағанда, нашар жасау қиын.
Еске салайық, Алматы аудандарының ішінде Жаңа жылға ең көп қаржы бөлген – Түрксіб ауданы (200 млн теңге). Оның бас шыршасы мынадай:
Шымкент
Биыл Шымкентте шырша жанған жоқ. Және бұл – жақсы жаңалық. Өйткені былтыр дәл осылай болған еді. Биылғы аман қалған шырша мынадай көрінеді:
Жалпы, Шымкенттің жаңа жылдық безендірілуі Алматы мен Астанаға қарағанда әлдеқайда қарапайым. Бірақ соған сәйкес бөлінген қаржы да әлдеқайда аз. Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков ОКҚ-дағы брифингте 99 млн теңге бөлінгенін айтты.
Салыстыру үшін: Алматыда ең аз қаржы бөлген Жетісу ауданы – 63 млн теңге. Бұл Шымкенттің бес ауданының үшеуі жұмсаған қаражатпен шамалас.
Дегенмен, Шымкенттің де өз «фишкалары» бар. Мысалы, мұз айдындарының бірінің үстіндегі осындай көбелек-адамдар:
Немесе жарық төбе.
Қысқасы, қарапайым болса да, өзіне жарасымды.
P.S.
Қазақстанның басты жаңа жылдық мемі атағына, бәлкім, Степногорск қаласындағы Аяз ата, Ақшақар және өзге ертегі кейіпкерлерінің мүсіндері лайық шығар.
Олардың келбеті қала тұрғындарының наразылығын туғызып, олар әкімдіктен осындай «сиқыршыларды» алып тастауды талап еткен.
Оқыңыз:
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз