Алматыда су спорты мектебінің сатылымына қатысты іс жаңа деңгейге жетті. Жоғарғы Сот бұрынғы инстанциялардың шешімдерін жойып, активтерді бастапқы иелеріне қайтарды, деп хабарлайды CMN.KZ.
2024 жылдың шілдесінде Алматы прокуратурасы «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебінің» сатылуы заңсыз деп танылғанын мәлімдеген. Ғимараттар мен 7,6 мың шаршы метр жерді қоса алғанда, активтер 1,2 миллиард теңгеге бағаланған. Алайда 2019 жылы мектеп пен жер телімдері небәрі 332 миллион теңгеге «Nomad’s Land» ЖШС-не сатылған. Кейін бұл активтер Арыстанбек Мухамедиұлына жақын адамдарға ауысып, соңында 2022 жылы кәсіпкер Марат Төлеуұлының иелігіне өткен.
Алматы қалалық соты бұл сатылымды заңсыз деп танып, 332 миллион теңгені Арыстанбек Мухамедиұлынан өндіріп алуға үкім шығарған. Алайда желтоқсан айының басында Жоғарғы Сот бұл шешімдерді қайта қарап, «Nomad’s Land» ЖШС құрылтайшыларының құқығын қалпына келтірді. Қазіргі иесі Марат Төлеуұлы болып қала бермек.
Арыстанбек Мухамедиұлы не үшін сотталды?
Мухамедиұлының қылмыстық тарихы 2023 жылы Ұлттық музей директоры қызметінде жүрген кездегі бюджет қаражатын жымқыруымен басталған. Оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Кейін 2024 жылдың ақпанында ірі көлемдегі пара беру әрекеті үшін 11 жылға сотталды. Соңғы ірі іс — «Дипломат» қонақ үйіне рейдерлік әрекеттер мен бюджет қаржысын ұрлау бойынша үкім — оның жазасын ұзартпады. Ол 2032 жылдың сәуірінде бостандыққа шығуы тиіс.