2024 жылдың қыркүйегінде теңгедегі депозиттердің орташа салмақталған мөлшерлемесі 13,4%-ға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың желтоқсанынан бергі ең төменгі деңгейге жетіп отыр, деп хабарлайды CMN.KZ.
Тамызбен салыстырғанда аз да болса төмендеу байқалды — 0,1 пайыздық пунктке. Теңге депозиттеріндегі осы бір нәзік өзгеріс қаржы нарығында аздаған серпін берсе де, бұл жағдай халықтың қысқа мерзімді салымдарға деген қызығушылығын арттыруда.
Бірінші кредиттік бюроның талдауларына сүйенсек, қазақстандықтар үшін ең тиімді депозиттер бір айдан үш айға дейінгі мерзімге салынған салымдар болуда. Олардың мөлшерлемесі қыркүйекте 15,4%-ды құрады. Тамыз айындағы рекордтық 15,6%-дан сәл төмендегенімен, әлі де салымшылар үшін тиімділігі жоғары болып отыр.
Заңды тұлғалар үшін депозиттер тіпті де тартымды бола түсті. Орташа мөлшерлеме қыркүйекте 13,2%-ға жетті, бұл өткен айға қарағанда 0,1 пайыздық пунктке жоғары. Депозиттің тиімділігі артқан сайын, компаниялар мен кәсіпкерлер салымдарын теңгеде сақтауға бейім болуда. Экономика тұрақтылығын сақтаған сайын, бизнестің депозиттерге қызығушылығы да артып келеді.
Несие бойынша ставкаларға келер болсақ, екінші деңгейлі банктер жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге арналған орташа мөлшерлемелерді тамызбен салыстырғанда көтерді. Қыркүйекте бұл көрсеткіш 21,6%-ды құрады, тамызда 20,2% болған еді. Айрықша, қысқа мерзімді кредиттердің ставкалары төмендегенімен, ұзақ мерзімді несиелерде өсім байқалады. Бір жылдан бес жылға дейінгі және одан ұзақ мерзімді кредиттер мөлшерлемесі жоғарылауда. Дегенмен, 3 айдан 1 жылға дейінгі несиелердің мөлшерлемесі ең қолайлы болып шықты — 19,3%, яғни 0,7 пайыздық пунктке төмендеді.
Заңды тұлғаларға арналған кредиттерде жағдай тамыздағы деңгейде сақталды: орташа мөлшерлеме 17,6%-ды құрайды. Ең төменгі көрсеткіш 1-3 айлық мерзімдерде — 16,9%, тамызбен салыстырғанда 1,3 пайыздық пунктке төмендеген.
2024 жылдың қазанында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейінде сақтап қалды. Базалық мөлшерлеменің тұрақты болуы нарықтағы кредиттік және депозиттік мөлшерлемелердің аясын анықтап, қаржылық тұрақтылықтың белгісі ретінде қарастырылады. Ұлттық банктің бұл шешімі банктік секторда алдағы уақытта да тұрақтылықты сақтауға ықпал етпек.