Қазақстанда 2025-2026 оқу жылына 77 мыңнан астам білім гранты бөлінді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек грант иегерлері атанған талапкерлердің тізімі бүгін, 7 тамызда жарияланатынын айтты, деп хабарлайды CMN.KZ
Бүгін 2025-2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі Республикалық комиссия өз жұмысын аяқтады.
Комиссия құрамында ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдар, бiлiм саласы кәсiподақтарының, «Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасының, жоғары оқу орындары қауымдастығының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері болды. Комиссия отырыстарында үміткерлердің өтініштері қаралып, мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу қолданыстағы ережелер негізінде конкурс тәртібімен жүзеге асырылды.
Отырыс барысында комиссия мүшелері берілген өтініштерді қарап, қолданыстағы ережелерге сәйкес гранттарды бөлу рәсімін өткізді.
«Биылғы жылы конкурсқа қатысу үшін шамамен 113 мың өтініш қабылданды. Талапкерлер арасында ең сұранысқа ие білім беру бағыттары – «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары», сондай-ақ «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар»», — деді ғылым министрлігінің басшысы Саясат Нұрбек.
Бірақ барлық талапкерлерді тегін оқытумен қамтамасыз ету нәтиже бермейді. Министрлікте 2025-2026 оқу жылына 77 мыңнан астам білім грантын бөлгенін хабарлады.
Оның басым бөлігі, яғни 60%-ы техникалық бағыттағы мамандықтарға, 20%-ы педагогикалық мамандықтарға, ал қалған 20%-ы қажеттілікке байланысты әртүрлі салаға жіктелді.
Жыл сайын министрлік мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған ақпаратқа сүйенеді. Яғни, сала-сала бойынша қанша маман қажет екендігі анықталған талдауға сәйкес, министрлік мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастырады.
«Биыл екінші жыл қатарынан сараланған гранттарды бөлу қарастырылып отыр. 2024 жылы алғаш рет 300 сараланған грант бөлінсе, биыл да осы көлемде ұсынылуда. 150 грантты біз педагогикалық мамандықтарға, ал қалған 150 грантты жаратылыстану бағытындағы білім беру бағдараламаларына бөлуді жоспарлап отырмыз. Сараланған гранттың конкурсы негізгі конкурстан кейін бөлек өтеді. Ол үшін қосымша құжат тапсырудың қажеті жоқ. Барлық деректер ұлттық тестілеу орталығының базасында сақталған. Сараланған грант иегерлерінің тізімі қыркүйек айының соңында жарияланады», — деп Ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрілкте комиссия мүшелері «Білім туралы» ҚР Заңына сәйкес квоталық санаттарды ескергенін атап өтті. Мысалы, жетім балалар мен мүгедек балалар; көп балалы және толық емес отбасылардан шыққан балалар; мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар.
Бұл санаттардың ерекшелігі-талапкерлер белгіленген квота шегінде де, жалпы білім беру гранты конкурсына да қатыса алады.
Мемлекеттік білім беру гранты ҰБТ нәтижесі бойынша беріледі. Өздеріңізге белгілі, білім беру гранттарын беру қағидаларына сәйкес талапкер өзінің өтінімінде 4 жоғары оқу орны және 4 білім беру бағдарламасын көрсетуге құқылы.
Байқаудың нәтижелері ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің, сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығының ресми ақпараттық көздері мен әлеуметтік желілерінде жарияланады.
Министр талапкерлерді жоғары оқу орындарына қабылдау процесі 2025 жылдың 25 тамызына дейін аяқталатынын атап өтті.